ПАВЛОДАР ӘКІМДІГІ

ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

2018-11-05 16:26:17 Қала жаңалықтары
ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫНДА АРНАЙЫ-ТАКТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЛАР ӨТТІ

Павлодар қаласында 7 көп қабатты тұрғын үй және 4 әлеуметтік маңызды  нысан жылу магистралінде орын алған ақаудың салдарынан зардап шекті. Дәл осындай тақырыпта облыс орталығында арнайы-тактикалық оқу-жаттығу өтті. Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасы «Қыс- 2018» республикалық командалық штабтық жаттығулары шеңберінде дәл осындай тақырыпта арнайы оқу-жаттығуды ұйымдастырды.

Оқу-жаттығудың аңызы бойынша ЖЭО-3 диспетчерінен «Павлодар жылу желілері» ЖШС диспетчерлік қызметіне 450 тоннаға дейін судың жоғалуы және кері жылу құбырындағы қысымның төмендеуі туралы хабарлама келіп түседі. Тұрғындардан  Сибирская көшесі бойындағы  № 89 тұрғын үйдің аумағында  ыстық судың жер бетіне шығуы туралы ақпарат келіп түседі.

Орын алған авариялық жағдайды бағалау туралы ақпаратты «Павлодар жылу желілері» ЖШС кезекші диспетчері Павлодар қалалық ТҮКШ бөлімі, «Павлодарэнерго» АҚ Саll орталығы, Мемэнергоқадағалау, ТЖ басқармасы және «Павлодар-водоканал» ЖШС-не жедел хабарлайды.

Нәтижесінде халықтың өмірі мен денсаулығына, тіршілікті қамтамасыз ететін коммуналдық жүйелердің жұмыс қабілеттілігіне нақты қауіп туындайды.

Эвакуациялық комиссия қала әкімдігінің әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімімен бірлесе отырып, Сибирская көшесіндегі тұрғын үйлердегі адамдарды эвакуациялауды ұйымдастырады. Зардап шеккен халықты уақытша паналау орталықтарына (Сары-Арқа қонақ үйі 60 орын, Ертіс 20 орын, Турист 86 орын, Мойылды шипажайы 450 орын) орналастырады. №18 жалпы орта мектебінде эвакуацияланған адамдарды жинау және есепке алу жұмыстары ұйымдастырылды.  

Көлік қызметі тұрғындарды уақытша орналастыру пункттеріне эвакуациялау үшін №1 автобус паркінің техникасын тартады.  Медицина қызметімен жиын пунктінде (№18 ЖОМ) және халықты уақытша орналастыру пунктінде медициналық көмек пункттері ашылды.

Авариялық-қалпына келтіру және басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарды орындау үшін жылу желілері бойынша авариялық-техникалық команда жылу желісінің учаскесін өшіреді.

Авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу мақсатында авариялық учаскенің үстіндегі топырақты ашу, бүлінген учаскені дренаждау, құбырды босату бойынша жер жұмыстары, содан кейін құбырдың дәнекерлеу түйіспесінің жұмыс істеуін қалпына келтіру бойынша дәнекерлеу жұмыстары жүргізіледі.

Осы зақымдануды жоюға 9 бірлік техника және соның ішінде техника жүргізушілерін қоса алғанда 24 адам жұмылдырылды. 

Арнайы-тактикалық оқу жаттығуларға: Төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы, Павлодар қаласы ТЖБ, «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ, «Апаттар медицинасы орталығы» ММ, Павлодар облысы ТЖД «Жедел-құтқару жасағы» қатысты. Жергілікті атқарушы органдардан: қала әкімінің аппараты, азаматтық қорғаныс қызметтерінің басқару органдары мен күштері, қаланың шаруашылық объектілері мен ұйымдары қатысты. 

Прочитано: 177 раз