ПАВЛОДАР ӘКІМДІГІ
ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ РЕСМИ ИНТЕРНЕТ-РЕСУРСЫ

ПАВЛОДАР ҚАЛАСЫ АУМАҒЫНДА БЕЙБІТ ЖИНАЛЫСТАР, МИТИНГIЛЕР, ШЕРУЛЕР, ПИКЕТТЕР ЖӘНЕ ДЕМОНСТРАЦИЯЛАР ӨТКІЗУ ТӘРТІБІН ҚОСЫМША РЕТТЕУ ТУРАЛЫ

2019-06-14 18:18:23 Павлодар қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы

Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заңының 10-бабына сәйкес, Павлодар қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

1. Павлодар қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу тәртібі осы шешімнің қосымшасына сәйкес қосымша реттелсін.

2. Павлодар қалалық мәслихатының 2005 жылғы 23 қазандағы «Митингілер, шерулер, пикеттер, бейбіт жиналыстар мен демонстрациялар өткізу тәртібін қосымша реттеу туралы» № 88/18 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12-1-47 болып тіркелген, 2005 жылғы 24 қазандағы № 43/475 «Версия» газетінде, 2005 жылғы 27 қазандағы № 121 «Сарыарқа самалы» газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

3. Осы шешімнің орындалуын бақылау қалалық мәслихаттың азаматтардың құқықтарын және заңдылықтарды сақтау жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

4. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Сессия төрағасы,                                                     

қалалық мәслихат

хатшысының міндетін атқарушы                               А. Оспанов 

                                                      

Павлодар қалалық мәслихатының

2019 жылғы «__»_________

№__________ шешіміне

қосымша

 

Павлодар қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер,  пикеттер және демонстрациялар өткізудің қосымша реттелген тәртібі

 

1. Осы Павлодар қаласы аумағында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізудің қосымша тәртібі Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 17 наурыздағы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» Заңына сәйкес әзірленді.

2. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу үшін «Павлодар қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне өтініш беріледі.

3. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтінішті он сегіз жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматтарының уәкілетті еңбек ұжымдары, қоғамдық бірлестіктері немесе жекелеген топтары береді.

4. Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы өтініш оларды өткізудің белгіленген күніне дейін он күннен кешіктірмей жазбаша нысанда беріледі. Өтініште іс-шараның немесе қозғалыс бағытының мақсаты, нысаны, өткізу орны, оның басталу және аяқталу уақыты, қатысушылардың болжамды саны, уәкілетті органдардың (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртіпті сақтауға жауапты адамдардың тегі, аты, әкесінің аты, олардың тұрғылықты жері және жұмыс (оқу) орны, өтініш берілген күні көрсетіледі. Өтініш беру мерзімі «Павлодар қаласы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде тіркелген күннен бастап есептеледі.

5. Павлодар қаласының әкімдігі өтінішті қарайды және уәкілетті органдарға (ұйымдастырушыларға) өтініште көрсетілген іс-шараны өткізу уақытына дейін бес күннен кешіктірмей қабылданған шешім туралы хабарлайды.

6. Бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу туралы өтініш беру кезінде осы Қосымша тәртіптің 4-тармағының талаптары сақталмаған жағдайда, Павлодар қаласының әкімдігі жаңа өтініш беру арқылы жол берілген бұзушылықтарды жою туралы ұсыныспен ресми жауап береді. Жаңа өтінішті қарау мерзімі ол түскен сәттен бастап есептеледі. 

7. Павлодар қаласының әкімдігі басқа тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық қауіпсіздікті, сондай-ақ көліктің, инфрақұрылым объектілерінің қалыпты жұмыс істеуін, жасыл желектер мен шағын сәулет нысандарын сақтауды қамтамасыз ету мақсатында қажет болған жағдайда өтініш білдірушілерге іс-шараны өткізудің баламалы орындарын ұсынады.

8. Бас тартылған жағдайда ұйымдастырушыларға барлық дайындық рәсімдерін тез арада тоқтату жөніндегі шараларын қабылдау және бұл жөнінде әлеуетті қатысушыларды тиісті түрде хабардар ету көрсетіледі.

Павлодар қаласы әкімдігінің шешіміне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен қарастырылған тәртіпте шағым жасалуы мүмкін.

9. Павлодар қаласы аумағында жиналыстар, митингілер өткізу үшін келесі орындар белгіленсін:

1) Ю. Гагарин атындағы саябақ (Қамзин көшесі – Академик Шөкин көшесі – Циолковский көшесі – Ворушин көшесі);

2) «Металлургтер» саябағы (Гагарин көшесі – Лесная көшесі – Ворушин көшесі – Амангелді көшесі);

3) «Дренаж арнасы» сквері (Усолка шағын ауданы).

10. Павлодар қаласы аумағында шерулер мен демонстрациялар өткізу үшін келесі бағыттар белгіленсін:

1) Торайғыров көшесінен Академик Сәтбаев көшесі бойымен Естай көшесіне дейін;

2) Нұрсұлтан Назарбаев даңғылынан Лермонтов көшесі бойымен Набережная көшесіне дейін;

3) Естай атындағы Мәдениет сарайынан Конституция алаңы көшесімен Астана көшесіне дейін, Астана көшесі бойымен Лермонтов көшесіне дейін, Лермонтов көшесі бойымен Академик Сәтбаев көшесіне дейін, Академик Сәтбаев көшесі бойымен Кривенко көшесіне дейін;

4) Короленко көшесінен Кривенко көшесі бойымен 1 Май көшесіне дейін, 1 Май көшесі бойымен Қайырбаев көшесіне дейін.

11. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу кезінде уәкілетті органдар (ұйымдастырушылар), сондай-ақ өзге де қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті.

12. Іс-шараны ұйымдастырушылар мен қатысушыларға:

1) көлік пен жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі жасауға;

2) елді мекеннің инфрақұрылым объектілерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін кедергі жасауға;

3) Павлодар қаласы әкімдігінің келісімінсіз киіз үйлер, шатырлар, өзге де уақытша құрылыстар орнатуға;

4) жасыл желектерге, шағын сәулет нысандарына зиян келтіруге;

5) адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы, азаматтарға және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық залал келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін суық, атыс қаруын және өзге де қаруды, сондай-ақ арнайы дайындалған немесе бейімделген заттарды өзімен бірге алып жүруге;

6) іс-шараларды өткізу кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар өкілдерінің қызметіне кез келген нысанда араласуға;

7) алкогольдік және есірткілік масаң күйде қатысуға тыйым салынады.

13. Жиналысты, митингті, шеруді, пикетті және демонстрацияны өткізу орындарында:

1) алкоголь ішімдіктерін ішуге, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды пайдалануға;

2) транспаранттарды, ұрандарды, қоғамдық тәртіпті бұзуға, қылмыс жасауға шақырулары бар өзге де материалдарды (көзбен шолу, аудио және бейне), көпшілік алдында сөз сөйлеуді, сондай-ақ біреулердің атына тіл тигізуді пайдалануға жол берілмейді.

14. Пикеттер өтініште көрсетілген мақсаттарға сәйкес белгіленген мерзімде және келісілген жерде өткізілуі тиіс.

15. Пикеттеу кезінде:

1) пикеттелетін объектіде орналасуға (тұруға, отыруға);

2) көрнекі үгіт құралдарын пайдалануға;

3) пикет тақырыбына сәйкес қысқа ұрандарды, слогандарды айғайлап айтуға рұқсат етіледі.

16. Павлодар қаласының әкімдігі бір күнде және уақытта бір жерде үш жалғыз пикеттен аспайтын пикеттерді өткізуге рұқсат бере алады. Әр түрлі жалғыз пикеттердің қатысушылары бір-біріне қатысты кемінде елу метр қашықтықта орналасуы немесе тікелей көріну шегінде болуы тиіс.

17. Пикетті өткізу өзге нысанға (митинг, жиналыс, шеру, демонстрация) өзгерген жағдайда белгіленген тәртіпте Павлодар қаласы әкімдігінің рұқсатын алу қажет.  

18. Павлодар қаласының әкімдігі, егер олардың мақсаты нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік, діни төзбеушілікті, тектік-топтық ерекшелікті, конституциялық құрылысты күштеп құлатуға, республиканың аумақтық тұтастығына қол сұғуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының және өзге де нормативтік актілерінің басқа да ережелерін бұзуға немесе оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрациялар өткізуге тыйым салады.

19. Халықтың қорғаныс қабілетін, тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарда (сумен, электр энергиясымен, жылумен және басқа да энергия тасымалдаушылармен жабдықтау), денсаулық сақтау және білім беру мекемелерінде бұқаралық іс-шаралар өткізуге жол берілмейді.

20. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар Павлодар қаласы әкімдігі өкілінің талабы бойынша, егер:

1) өтініш берілмесе;

2) тыйым салу туралы шешім қабылданса;

3) оларды өткізу тәртібі бұзылған болса;

4) азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе;

5) қоғамдық тәртіп бұзылса сөзсіз тоқтатылуы тиіс.

21. Павлодар қаласы әкімдігі өкілінің заңды талаптарын орындаудан бас тартқан жағдайда, оның нұсқауы бойынша полиция басқармасы жиналысты, митингіні, шеруді, пикетті және демонстрацияны тоқтату бойынша қажетті шараларды қабылдайды.

22. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзған адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.

23. Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар өткізу кезінде олардың қатысушыларымен азаматтарға, қоғамдық бірлестіктерге, мемлекетке келтірілген материалдық залал заңда белгіленген тәртіппен өтелуге жатады.

24. Қосымша пайда болған барлық шығындарды, оның ішінде қоғамдық тәртіпті сақтау, үй-жайларды беру, жиналысты, митингіні, шеруді, пикетті және демонстрацияны өткізу орындарын санитарлық тазалау, жарықтандыру және радиоландыру шығындарын олардың ұйымдастырушылары өтейді.